Ресейлік темекі тартпайтындарға жұмыс аптасын қысқарту ұсынылды

1 139 рет қаралды.

Мемлекеттік Думаның Либерал-демократиялық партиясының депутаты Василий Власов Ресейдің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Максим Топилинге темекі тартпайтындар үшін жұмыс аптасын 40 сағаттан 35 сағатқа дейін қысқарту мүмкіндігін қарастыруды сұрап жүгінді. Бұл туралы ТАСС хабарлайды.

Власов өз өтінішінде Ресейдің темекі шегуден болған экономикалық шығыны жалпы ішкі өнімнің үш пайызын құрайтынын еске салады. Мемлекеттік Думаның ең жас депутаты мемлекеттік органдар азаматтарды темекі шегуді тоқтатуға ынталандыру әдістерін әзірлеуі керек деп санайды.

«Бұл жағдайда біз үлкен әлеуметтік кепілдіктер беру және жұмыс уақытын қысқарту жолымен жүріп, Еуропа елдерінің еңбек заңнамасын дамыту тәжірибесін алуға болады», — деді Власов. «Қазір мен темекі тартпайтындар үшін 35 сағаттық жұмыс аптасын енгізу туралы бастама көтеріп жатырмын», — деді депутат.

Ол мұндай шара ел экономикасы мен халықтың денсаулығына оң әсерін тигізеді деп есептейді.

«Жоғарыда айтылғандарға байланысты осы бастаманы жүзеге асыру мүмкіндігін талдауға тапсырыс беруіңізді сұраймын», — деді Власов Топилинге.

16 маусымда премьер-министрдің бірінші орынбасары Игорь Шувалов болашақта технологияның дамуының арқасында жұмыс аптасының ұзақтығы қысқартылатынын мойындады. Оның ойынша, халық өзінің дамуына көбірек көңіл бөледі, бұл білім мен денсаулық сақтау қызметтеріне сұранысты арттырады.

Сол айда Максим Топилин 21 ғасырда роботтардың енгізілуімен стандартты жұмыс күнін айтарлықтай қысқартуға болатынын мойындады. «Сағат төрт болар, бес, мүмкін алты, білмеймін. Бәлкім, бір күні екі сағатта барлығын шешіп, содан кейін өз ісімізге кірісетін шығармыз», — деді министр. Бірақ ол роботтардың адамды толығымен алмастыра алмайтынын баса айтты.

1 139 рет қаралды.